2013 жылдың 11 сәуірінде Астана қаласында халықаралық ықпалдастық үрдісі аясында заманауи білімді дамытуға арналған «Қазақстан Республикасында жоғары білім сапасын қамтамасыз ету жүйесі: Болон процесіндегі жаңа сын-қатерлер» атты халықаралық конференция болып өтті. 
Конференцияны Еуропалық сапаны қамтамасыз ету агенттіктерінің тізілімінің (EQAR) қолдауымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және ҚР БҒМ Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы бірлесіп ұйымдастырды.


Конференция жұмысына білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша агенттіктердің қазақстандық және халықаралық өкілдері, Болон процесі бойынша Жұмыс тобының, EQAR Хатшылығының, ENQA, Бизнес-әкімшілік бойынша халықаралық аккредиттеу қорының (FIBAA) өкілдері, Қазақстан ЖОО-ларының басшылары қатысты. 
Пленарлық отырыс шеңберінде сапаны қамтамасыз ету саласына қатысты Бухарест коммюникесінің негізгі ережелері қарастырылды және Қазақстан ЖОО-лары EQAR-да тіркелген шетел агенттіктерінде аккредиттеуден өту мүмкіндігімен таныстырылды. Өз кезегінде, EQAR-да тіркелген агенттіктер Қазақстандағы сапаны бағалау жүйесі туралы ақпараттандырылды. Болон процесін реформалау аясында Қазақстандағы сапаны тәуелсіз бағалау жүйесін дамытудың басымдықтары айқындалды. 
Панельді отырыс кезінде аккредиттеу қызметінің ұлттық нарығын дамыту, еуропалық және ұлттық жоғары білім сапасының стандарттарын үндестіру құралдары мен тетіктері, қазақстандық ЖОО-ларды тәуелсіз бағалау көрсеткіштері, білім беру сапасын ішкі бағалау жүйесінің тиімділігі, білім сапасын тәуелсіз бағалаудың ұлттық жүйесін дамыту келешегі сияқты мәселелер қарастырылды. 
Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің (АРТА) атынан Институционалдық және мамандандырылған аккредиттеу жобасының жетекшісі Инара Алкенқызы Мұхтарова «Қазақстандық білім беру ұйымдарын жаңа үлгіде аккредиттеу: АРТА тәжірибесі» атты баяндама жасады. Бұл баяндама ЖОО-ларды, мектептер мен колледждерді аккредиттеу стандарттары мен өлшемдері туралы ақпарат беріп, Қазақстандағы аккредиттеу жүйесінің жаңа параметрлерімен таныстырды.


Өткен конференцияның маңыздылығы тәуелсіз қазақстандық және еуропалық агенттіктерінің өкілдеріне, Қазақстанның ЖОО-лар қоғамдастығына ақпарат, тәжірибе алмасу мүмкіндігін бергендігінде жатыр. 
Бұл жерде біздің білім беру ұйымдарының белсенділігін атап өткен жөн. Олар аккредиттеуден өту тәжірибесімен алмасуға мүмкіндік беретін Қазақстандық аккредиттелген ЖОО-лар қауымдастығын құру идеясын алға тартты.