2013 жылдың 25 мен 26 сәуірінде Мәскеу қаласында Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігінің Кадрларды дайындаудың ұлттық қоры ұйымдастырған «Ресей ЖОО-ларын көп өлшемді саралау (ранжирлеу) сабақтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. 
Конференция жұмысына IREG Президенті Ян Садлак, Шанхай универститетінің Әлемдік университеттер қызметін бағалау орталығының атқарушы директоры Инг Ченг, QS Intelligence Unit департаментінің басшысы Бен Совтер, Times Higher Education бас редакторы Фил Бэти, және Ресей ЖОО-лар қоғамдастығының көрнекті өкілдері қатысты. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі атынан Ақпараттық-талдау жобасының жетекшісі Нұрахметова Айман Бекболатқызы қатысты. 
Конференцияның пленарлық отырыстарында шетел сарапшылары үш жаһандық саралау жүйесін алға тартты (Шанхай университетінің рейтингі, QS универститеттерінің халықаралық рейтингісі, Times Higher Education рейтингісі). Ұлттық кадрларды дайындау қорының халықаралық бағдарламалары директоры М.В. Ларионова Ресей ЖОО-ларын көп өлшемді саралаудың модельдік әдіснамасының негізгі ережелері мен оның апробациясы нәтижелерін алға тартты. 
Дөңгелек үстел барысында баяндамалар тыңдалып, мақсаттар, бағыттар мен проблемалар, сонымен қоса Ресей, Қазақстан, Украина, Польша мемлекеттерінің ұлттық рейтинг бойынша әдіснамалары талқыланды. Университеттердің білім беру бағдарламаларын бағалау бойынша Қазақстан тәжірибесін Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының директоры Сейдахметова Р.Г. баяндап берді.