2012 жылдың 12-15 желтоқсан аралығында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің (АРТА) сыртқы сараптау комиссиясы (ССК) жұмыс істеді. Комиссияның жұмысы аталған жоғары оқу орнының институционалдық аккредиттеуден өту үдерісі аясында жүзеге асты. Оның құрамына отандық және шетел сарапшылары енді. ССК-ның төрағасы «Астана медицина университеті» АҚ №1 балалар аурулары кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Моренко Марина Алексеевна болды.

Сонымен қатар, ССК жұмысына келесі белгілі шетел сарапшылары қатысты: Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясының бас кеңесшілері, профессор Лайф Кристенсен (Дания, Копенгаген) және профессор Йорген Нуструп (Дания, Копенгаген).


Комиссияның құрамында келесі қазақстандық сарапшылар қызмет атқарды: «Қарағанды мемлекеттік медицина университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК Клиникалық фармакология және дәлелді медицина кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Калиева Шолпан Сабатайқызы; Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрлігінің «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын, Медициналық білімді және ғылымды дамыту бөлімінің сарапшысы, медицина ғылымдарының докторы Нұрманбетова Фарида Нүсіпжанқызы.


Жұмыс берушілердің атынан сарапшы ретінде «Асмед» медициналық орталығының директоры Бижігітов Жақсыбай Бидахметұлы қатысты. ССК жұмысына студенттік жастардың өкілі ретінде Қазақстан-Ресей медициналық университетінің 3 курс студенті Қамалиева Динара Болатқызы белсенді түрде араласты.


ССК жұмыс барысында білім беру сапасын, АРТА-ның институционалдық стандартарына сәйкестігін бағалады, профессорлармен, оқытушылармен және студенттермен кездесті, кітапхананы, компьютерлік сыныптар мен зертханаларды аралады, университеттің материалдық-техникалық базасын бағалады.


Өткізілген сараптаманың нәтижесі бойынша комиссия оң қорытындыға келіп, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін 5 жыл мерзімге аккредиттеу туралы ұсыныс жасады.

С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін аккредиттеу туралы шешім АРТА Аккредиттеу Кеңесінің отырысында қабылданады.