2012 жылдың 25-28 желтоқсан аралығында институционалдық аккредиттеуден өту үдерісі аясында Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің (АРТА) сыртқы сараптау комиссиясы (ССК) Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетіне сыртқы бағалау мақсатында барды. Оның құрамына отандық және шетел сарапшылары енді. ССК-ның төрағасы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универститетінің оқу жұмысы жөніндегі проректоры, химия ғылымдарының докторы, профессор Талтенов Абзал Ахатұлы болды.

Сонымен қатар, ССК жұмысына келесі белгілі шетел сарапшылары қатысты: Пердью университетінің толық профессоры Тантатейп Брахмасрен (АҚШ); Климент Охридский атындағы София университетінің профессоры Нако Райнов Стефанов (София, Болгария); техникалық магистр, ғылым кандидаты, Орталық Богем университетінің профессоры Петр Гаек (Прага, Чех Республикасы).


Комиссияның құрамында келесі қазақстандық сарапшылар қызмет атқарды: Қостанай мемлекеттік университеті Экономикалық зерттеулер орталығының директоры Коваль Андрей Петрович; Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бөлім бастығы Кириллова Галия Ришатовна.


Жұмыс берушілердің атынан сарапшы ретінде «Банк Центр Кредит» АҚ Алматы қалалық филиалы VIP Орталығының басқарушысы Касенова Сәуле Әкімбекқызы қатысты. ССК жұмысына студенттік жастардың өкілі ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Алматы қаласының Аймақтық Қаржы орталығы академиясы «Қаржы» мамандығының магистранты Бахтиярұлы Мейрам қатысты.


ССК жұмыс барысында білім беру сапасын, оқыту үдерісінің АРТА-ның институционалдық стандартарына сәйкестігін бағалады, профессорлармен, оқытушылармен және студенттермен кездесті, ішкі нормативтік құжаттарды зерделеді, университет қызметін талдады, кітапхананы, компьютерлік сыныптар мен зертханаларды аралады, стадион, бассейн мен жатақхананың жағдайын көрді, университеттің материалдық-техникалық базасы мен ақпараттық ресурстарының институционалдық акрредиттеу стандарттарына сәйкестігін бағалады.


Өткізілген сараптаманың нәтижесі бойынша комиссия оң қорытындыға келіп, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін 5 жыл мерзімге аккредиттеу туралы ұсыныс жасады.

Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін аккредиттеу туралы шешім АРТА Аккредиттеу Кеңесінің отырысында қабылданады.