АРТА-ның Халықаралық жобалар жетекшісі Т.Е. Қанапьянов 2012 жылдың 11-12 қыркүйегінде Ыстамбул қаласында (Түркия) өткен «Орталық Азиядағы білім беру сапасын басқару» тақырыбындағы халықаралық конференция жұмысына қатысты. Аталған конференция Орталық Азия мемлекеттерінің білім беру саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту шеңберінде ұйымдастырылды.

Конференцияның мақсаты – білім беру сапасын қамтамасыз ету және білім беруді тиімді түрде басқару бойынша үлгілік құралдарды өңдеу мен алға тарту, сонымен қатар, берілген салада тәжірибе алмасу.

Осы конференцияның негізгі ұйымдастырушысы Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамдастығының (GIZ) «Орталық Азиядағы білім беру жүйесін реформалау» бағдарламасы болып табылады.

Конференция, подиумдық пікірталас және секциялар жұмысы барысында Орталық Азия елдерінің білім беру жүйелеріндегі өткір мәселелері анықталды және жалпы аймақ үшін және жекелеген мемлекетке бағытталған білім беру үдерісін тиімді басқару бойынша ұсыныстар әзірленді.

Сонымен қатар, аталған халықаралық конференция аясында Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамдастығы (GIZ) мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылды.